DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы ел арасында жүргізілген сауалнама нәтижесімен бөлісті. Сауалнамаға 2025 жылдың 25 қарашасынан 5 желтоқсанына дейінгі аралықта 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 1100 адам қатысқан. Сауалнамаға 18 жастан асқан ерлер мен (47,4%) әйел азаматтар (52,6%) қатысыпты. 67,8%-ы қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 32,2%-ы орыс тілінде жауап берген. Сонымен, қазақстандықтарды не алаңдатады?
DEMOSCOPE бюросының сауалнамасына сүйенсек, өтіп бара жатқан жыл қазақстандықтар үшін жеңіл болмағанға ұқсайды. Сауалнама қоғамда үрей деңгейі жоғары екенін, халық мемлекеттің реформаларынкүмәнмен қабылдайтынын және үкіметке сенім деңгейі төмен екенін көрсетті. Екінші жыл қатарынан азаматтарды алаңдатып отырған мейлінше өткір мәселелер тізімі өзгеріссіз қалып отырғаны да көп жайттан хабар береді.
Мысалы, респонденттердің 40,9% табысының төмендігін айтқан, бұл көрсеткіш былтыр 37,6% болған еді. Аса қажет тауар бағасының өсуіне 35,6% қаақстандық қапалы ((2024 жылы – 28,3%), жегідей жеген жемқорлыққа алаңдайтын жұрт саны – 32% (2024 жылы – 26,8%).
2025 жылы елді мазалаған келесі мәселелер мынадай:
Денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанбау (26,8%)
Қоршаған ортаның ластануы (24,4%)
Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы деңгейінің төмендігі (23,9%)
Баспанаға қол жеткізу қиындығы немесе оның жағдайының нашарлығы (23%)
Білім беру жүйесіне қанағаттанбау (18,4%)
Жұмыс орындарының жетіспеуі және жұмысқа тұрудың қиындығы (17,4%)
Көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жол, жиекжол және т.б.) (11,7%).
Қазақстандықтар мейлінше маңызды деп санаған жылдың топ-5 оқиғасы мыналар:
«Қайрат» футбол клубының чемпиондар лигасына шығуы, «Реал Мадрид» командасының Алматыда ойнауы – 10,8%;
Бағаның өсуі, инфляция – 8,1%;
Жеке жағдайлар – 5,5%;
Спорттағы жетістіктер (Геннадий Головкиннің World Boxing президенті болып тағайындалуы, теннисші Елена Рыбакинаның қорытынды турнирдегі жеңісі және т.б.) – 4,5%;
Қылмыс, зорлық-зомбылық – 3,6%.
2025 жылдың қорытынды сауалнамасында бюро әдеттегідей респонденттерден биліктің бастамаларына жеке баға беруді өтінді. Атап айтқанда, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенатты таратып, Парламентті бір палаталы ету жөніндегі ұсынысын респонденттердің 40,4%-ы қолдаса, 30,2%-ы бұл туралы ештеңе естімеген, 13,4%-ына бәрібір, ал 5,5%-ы идеяны қолдамайды.
Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев бір палаталы парламент идеясын қолдаған 40% конституциялық реформаға деген қоғамның сұранысын көрсетпейді деп санайды.
“Біз бұл арадан патернализм мен билікті бір қолға шоғырландыру деңгейін көреміз. Бұл сұрақта «президент ұсынды» деген тіркес шешулі рөл ойнады деп ойлаймын, мұндай жағдайда заңдылық бір жақта қалып, көшбасшының жеке басын қолдау автоматты түрде оның бастамасын да мақұлдауға айналып шыға келеді. Тоқаевқа бейіл аудитория бар, бұл сұраққа жауапта сол аудиторияның ұстанымы көрініс тапса керек”, дейді әлеуметтанушы.
Сауалнамаға қатысушылар Мәжіліс депутаттарының бірі ұсынған Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру секілді атышулы ұсынысқа да баға берді. Бұл сұраққа сын көзімен қарағандар көп, азаматтардың көпшілігі (64,2%) мұндай бастамаға қарсы жауап берсе, көп әйел алуды қолдағандардың үлесі – 13,9%. Бұл сауалда респонденттердің жынысына байланысты айырмашылық бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, әйелдермен (5,5%) салыстырғанда, ер адамдар (23,1%) көп әйел алуды төрт есе көбірек қолдайды. Ұсынысқа қарсы әйелдердің үлесі 80,2% болса, ер адамдардың үлесі – 46,5%.
DEMOSCOPE бюросы қазақстандықтардан әлеуметтік салалардың жай-күйін бағалауды сұрағанда респонденттердің 41,9% өмір сапасы төмендеді деп жауап берген. Әйтсе де, азаматтар оң бағалаған салалар басым екенін де атап өткен жөн. Мәселен, қазақстандықтардың үштен бірі білім беру жүйесінде (31,7%) және заң мен қауіпсіздік саласында (31,7%) жағдай жақсарды деп есептейді.
Өмірдің маңызды салаларында жағдай нашарлағанына қарамастан, қазақстандықтардың көпшілігі оптимистік күйді сақтап отырғаны таңғалдырады. Респонденттердің жалпы 62,6%-ы өтіп бара жатқан 2025 жыл жағымды болды деп санайды.
2026 жылды болжауда да жағымды көңіл-күй сақталып отыр. 65,5% респондент биылғыдан жақсы болады деп үміттенеді. 12,1% пессимизммен қараса, 12%-ы жаңа жыл да шамамен 2025 жыл сияқты болады деп ойлайды.
Кейінгі үш жылдағы DEMOSCOPE бюросының жыл сайынғы қорытынды сауалнамасы мемлекеттің көптеген бастамасына қоғамның сенімі төмен екенін көрсетеді, бұл айналып келгенде мемлекеттің саясаты тиімді жүзеге асуына кедергі келтіріп, азаматтардың стратегиялық тұрғыдан маңызды бастамаларға араласу деңгейін төмендетеді.
Респонденттердің 77%-ы – қазақ, 11,5%-ы – орыс, 11%-ы – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 69%-ы қалада тұрса, 30,9%-ы ауылдық жерді мекендейді. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді.