homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Мобильді аударымдар: министрлік түсініктемесі

29.12.2025, 14:32

Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты талаптарға түсініктеме берді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, белгіленген шектен асқан аударымдар үшін бірден айыппұл салынбайды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Вице-министрдің түсіндіруінше, егер бір адамға үш ай ішінде 100-ден астам адамнан ақша түсіп, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асып кетсе, салық органдары алдымен азаматқа хабарлама жібереді. Онда қаражаттың қайдан түскенін түсіндіріп беру сұралады.

«Біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен адамға өз уәжін айтуға мүмкіндік береміз. Кей жағдайда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болып шығады», – деді Ержан Біржанов.

Салық тексерісі бірден басталмайды. Егер азамат хабарламаға уақытында жауап беріп, түсіндірмесі негізді болса, мәселе сол жерде жабылуы мүмкін. Ал түсініктеме берілмесе, салық органы тексеру жүргізуге құқылы.

Тексеру нәтижесінде жиналған құжаттар негізінде ғана нақты салық сомасы есептеледі. Егер ол төленбесе, іс сот орындаушыларына жолданады. Соңғы шешімді де солар қабылдайды.

Қаржы министрлігі жақын туыстар арасындағы ақша аударымдары бақылауға алынбайтынын ерекше атап өтті.

«Ағайын-туыс бір-біріне ақша аударса, ол үшін ешкім жауапқа тартылмайды», – деп нақтылады вице-министр.

Жақын уақытта күшіне енетін талаптарға сәйкес, салық органдары тек үш шарт қатар орындалған жағдайда ғана тексеру жүргізе алады: ақша 100 және одан көп адамнан түсуі керек, бұл жағдай үш ай қатарынан қайталануы тиіс және жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 020 000 теңгеден асуы қажет.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік мобильді аударымдар бақылауға алынатынын, ай сайынғы түсім 300 мың теңгеден асқан жағдайда оның қайдан келгенін түсіндіру қажет болатынын хабарлаған.