homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Путин совет халқы геноциді құрбандарын еске алу күнін бекітті

29.12.2025, 14:07

Ресей президенті Владимир Путин совет халқының геноцид құрбандарын еске алу күнін белгілеу туралы заңға қол қойды. Құжат федералдық заңнама порталында жарияланды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Заңға сәйкес, 19 сәуір «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде нацистер мен олардың сыбайластарының совет халқына жасаған геноциді құрбандарын еске алу күні» болып бекітілді. Путин бұл заңға 29 желтоқсанда қол қойған, ал құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Ресей Мемлекеттік думасы ұсынған бастамаға сәйкес, 19 сәуірдің таңдалуына тарихи негіз бар. RBC жазуынша, 1943 жылы дәл осы күні фашистердің жаулап алған аумақтарда бейбіт халықты жоюға бағытталған саясатын ресми түрде тіркеген алғашқы құжат қабылданған. Ол кезде тиісті жарлықты КСРО Жоғарғы Кеңесінің президиумы бекіткен. Заң жобасын Дума 16 желтоқсанда, ал Федерация кеңесі 19 желтоқсанда мақұлдаған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бұрынғы Совет одағы аумағында шамамен 27 миллион адам қаза тапқан. Қазақстаннан соғысқа 1,2 миллион адам аттанып, олардың жартысына жуығы майданнан оралмады. 700 мыңға жуық қазақстандық тылда еңбек етті. 

Қазақстанда 1931–1933 жылдардағы ашаршылықты "геноцид” деп тану мәселесі әлі күнге дейін талқыланып келеді. Совет билігінің ұжымдастыру және отырықшыландыру саясаты салдарынан қазақ халқының 1,5–2,5 миллионға жуық халқы қырылды. Тарихшылар мен қоғам қайраткерлері бұл зұлматты "геноцид немесе геноцидтік сипаттағы саясат” деп бағалайды. Алайда Қазақстанда ашаршылық ресми түрде "геноцид” деп танылған жоқ. Қазір елде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні  ретінде аталып өтеді.

Ал, Украина 1932–1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырған ашаршылықты осыдан жиырма жыл бұрын “геноцид” деп танып, Жоғарғы рада 2006 жылы арнайы заң қабылдаған.