homepage
Фото: Кабар

Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев барлық марапаттарынан айырылды

29.12.2025, 12:00

Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қол қойған жарлықта айтылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Шешім Бішкек қаласының Первомайский аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы үкімі негізінде қабылданған.

Құжатқа сәйкес, Алмазбек Атамбаевқа берілген Қырғыз Республикасының барлық мемлекеттік марапаттары күшін жойды. Атап айтқанда, ол «Қырғыз Республикасының Батыры» ең жоғары атағынан, II дәрежелі «Манас» орденінен, «Данакер» орденінен және «Даңқ» медалінен айырылды. Сонымен қатар осы марапаттарды табыстау туралы бұрын шыққан президенттік жарлықтардың да күші жойылды.

Жарлыққа сәйкес, Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы сот орындаушылары қызметіне мемлекеттік марапаттар мен оларға қатысты құжаттарды белгіленген тәртіппен тәркілеп, мемлекеттік марапаттар қорына өткізу тапсырылды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы маусымда Бішкектің Первомайский аудандық соты Алмазбек Атамбаевты 2019 жылдың тамызында болған Қой-Таш оқиғасына байланысты сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сот шешімінде оның мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру да қарастырылған.