Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың айтуынша, Құрылыс кодексі Парламентте екі жылға жуық уақыт қаралған және қоғам үшін аса маңызды заңдардың бірі саналады.
«Бұл биылғы жылы жан-жақты қаралып, қызу талқыланған маңызды құжаттардың бірі деуге болады. Біз түрлі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен кеңестік. 2 200-ден астам ұсыныс енгізілді. Жалпы нормалардың 60–70 пайызы өзгертілді», деді ол.
Депутаттың ойынша, заңның басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Құжатта қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығына қатысты нормалар да қарастырылған:
«Бұл бағытта Мемлекет басшысы да тапсырмалар берген. Сондықтан депутаттар көптеген жағдайда қоғаммен кеңесіп, ең алдымен сапаға мән берді», деді Мурат Әбенов.
Оның айтуынша, Сенат негізгі заңға 27, ал ілеспе заң жобасына екі түзету енгізген.