АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін Украинадағы соғыстың тоқтауына «өте аз қалғанын» мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алайда Донбасс өңірінің тағдыры әлі де шешімін таппас күрделі мәселе болып тұр.
Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында өткен кездесуде тараптар Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселесін талқылады. Трамп бұл бағыттағы келісімнің шамамен 95 пайызы дайын екенін жеткізді. Оның ойынша, бұл ретте негізгі жауапкершілікті Еуропа елдері алуы керек. Зеленский қауіпсіздік кепілдігін «ұзақ мерзімді бейбітшілікке апаратын басты шарт» деп атады.
Трамптың сөзінше, территорияға қатысты бірқатар «өткір түйіндер» бар және алдағы бірнеше аптада келіссөздердің нәтижесі белгілі болады.
«Мәселе толық шешілген жоқ, бірақ дұрыс бағытта қозғалып келеміз», – деді ол.
Кездесу алдында Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Кремль бұл әңгіменің 1 сағат 15 минутқа созылғанын айтып, өзара «достық сипатта өтті» деп бағалады.
Тараптар Запорожье атом электр станциясының болашағын да талқылаған, Трамп бұл мәселеде де белгілі бір ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.