Ресей президенті Владимир Путин Түркиядағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына қосымша 9 миллиард доллар бөлмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жобаны толық аяқтау үшін келесі жылы тағы кемінде 4–5 миллиард доллар көлемінде шетелдік қаржы тарту жоспарланып отыр.
Түркияның оңтүстігіндегі Аккую атом электр станциясы жеті жылдан бері салынып келеді. Бас мердігер – ресейлік "Росатом” компаниясына еншілес инженерлік ұйым. Жобаның жалпы құны 20 миллиард доллардан асады. Бұрын жасалған келісімдерге сәйкес, Росатом бақылау пакетін өзінде қалдыра отырып, жобаның 49 пайызына серіктес инвестор тарту мүмкіндігіне ие.
Биыл жазда "Росатом” қаржыландыруға байланысты қиындықтар барын мәлімдеген. Компанияның айтуынша, бұған кейбір қаражаттың бұғатталуы себеп. Осы жағдайдан кейін атом электр станциясының бірінші энергетикалық блогын іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, ақырында келесі жылға ауыстырылды.