Жеңіс пен жеңіліс, жаңа есімдер мен рекордтар. Биылғы жыл қазақ спорты үшін оқиғаға толы болды. Қазақстанның спорт саласындағы ең елеулі бес жаңалығын Juzmedia спорт сарапшысы, журналист Аслан Қаженовпен бірге түйіндеді.
Жаңа заң
Сәуір айының бел ортасында Президент дене шынықтыру және спорт саласындағы жаңа заңға қол қойды. Құжаттың басты жаңалығы – енді шетелдік легионерлер бюджет есебінен қаржыландырылмайды.
«Бұл сөзсіз халықтың жеңісі. Заң спорт саласын түбегейлі реформалайды. Қазақстандық спортшыларға жаңа деңгейде қолдау көрсетіледі, спорттық инфрақұрылым дамиды. Бұл құжат спортшылардың және спорт жанашырларының ұзақ уақыт бойы талап еткен өзгерістерінің нәтижесі», деп санайды Аслан Қаженов.
Геннадий Головкин - World Boxing ұйымының президенті
Спорт сарапшысы Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымына президент болуын жыл жаңалығы деп санайды.
«Бұл отандық спорт үшін, қазақ боксы үшін, жалпы Қазақстан үшін тарихи сәт деуге әбден болады. Өйткені, бұған дейін бір де бір қазақстандық спортшы халықаралық спорт федерациясын басқарған жоқ. Осылайша Қазақстан спорты тарихының жаңа парағы ашылды деген сөз», деп санайды ол.
Айта өткен жөн, 23 қарашада Римде өткен конгресте даңқты қазақстандық боксердің кандидатурасы бір ауыздан мақұлданған. 2023 жылы қарашада құрылғанда World Boxing ұйымының құрамында 27 ел болса, қазір бұл спорт ұйымына 110-нан астам елдің ұлттық құрамасы кіреді.
Қазақ боксшыларының триумфы
«Ливерпульдағы әлем чемпионатындағы Қазақстанның жалпы командалық есепте бірінші орын алуы мен үшін өтіп бара жатқан жылдың елеулі жаңалығы. Яғни қыздар, жігіттер бас аяғы 7 алтын жеңіп алды. Өзіндік рекорд, өзіндік нәтиже» деді спорт журналисі.
Англиядағы осы әлем чемпионатында ағалы-інілі Махмұд пен Төрехан Сабырхан алтын медаль иеленді. Сондай-ақ, Қазақстан бұл біріншілікте алғаш рет аса ауыр салмақта (+90 келі) рингке шығып, Айбек Оралбай финалда өзбек боксшысы Жахонгир Зокировтен басым түсіп, чемпион атанған еді. Қазақстан әйелдер құрамасы ел қоржынына үш алтын, бір күміс, екі қола медаль салған.
Черчесов кетіп, Байсуфинов оралды
«Ресейлік Станислав Черчесовтың бас бапкерліктен кеткенін - жылдың елеулі оқиғаларының қатарына қосар едім. Өйткені білесіздер, ол кісі мемлекеттік тілге қарсы мәлімдемелер жасады, оған үлкен көлемде жалақы төленіп отырды және оның тұсында ұлттық құрамамыз дамыған жоқ, алға жылжыған жоқ, керісінше осы футболдағы көрсеткіштеріміз төмен кетті. Талғат Байсуфинов қалай оралды, солай ұлттық құрама өте жақсы нәтижелер көрсете бастады. Бельгиямен тең ойнадық деген сияқты», дейді Аслан Қаженов.
«Қайраттың» қайраты
Қазақстан спортының 2025 жылдағы ең басты жетістігі, бұл сөзсіз «Қайрат» футбол клубының тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуы болды. Іріктеу барысында команда шотландиялық «Селтикті» жарыстан шығарып, ел футболының абыройын асқақтатты. Сол шешуші кездесуде қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбеков пенальтиді қайтарып, матчтың қаһарманы атанды. Кейін «Қайрат» мадридтік «Реалмен» жасыл алаңда жолығып, жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлады.