Камбоджа мен Тайланд шекарадағы қақтығысты дереу тоқтату туралы келісімге келді. Бұл шешім 27 желтоқсанда өткен Шекара жөніндегі бас комитеттің арнайы отырысынан кейін қабылданды деп хабарлайды Juzmedis.kz.
Тараптар жергілікті уақытпен сағат 12:00-ден бастап толық атысты тоқтатуға келісті. Келісім барлық қару түрін қолдануды доғаруды, әскер қозғалысын жасамауды және шекара бойында әскери күшті күшейтпеуді көздейді.
Бейбіт тұрғындарды қорғау басты шарт ретінде белгіленді. Екі ел азаматтарға күш қолданбауға және қақтығыс аймағынан кеткен тұрғындардың қауіпсіз оралуына жағдай жасауға уағдаласты.
Келісімнің орындалуын АСЕАН бақылаушы миссиясы қадағалайды. Сондай-ақ тараптар шекара мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға және жалған ақпарат таратпауға келісті.
Бұған дейін қақтығыс салдарынан Камбоджада 21 бейбіт тұрғын қаза тапқаны, Тайландта 23 әскери қызметкер мен 34 азаматтық тұрғын көз жұмғаны хабарланған.