Air Astana әуе компаниясының Фукуок – Алматы бағытымен ұшқан KC 162 рейсі әуежайға кері оралуға мәжбүр болды. Бұған борттағы барлық дәретхананың істен шығуы себеп болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Авиакомпанияның мәліметінше, ұшақ 26 желтоқсанда жергілікті уақытпен 10:04-те Фукуоктан ұшып шыққан. Техникалық ақау анықталғаннан кейін экипаж рейсті кері қайтару туралы шешім қабылдаған. Ұшақ 14:14-те әуежайға аман-есен қонған, жолаушылар мен экипажға қауіп төнбеген.
«KC 162 рейсі техникалық себепке байланысты әуежайға қайта оралды. Қазіргі уақытта ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Рейс 27 желтоқсанға, сағат 04:00-ге ауыстырылған. Жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын беріліп, трансфер мен қонақүйге орналастырылды.