Моңғолия үкіметі Баян-Өлгей аймағындағы қазақша жер-су атауларын моңғолшаға ауыстыруды көздейтін қаулы жобасын талқылап жатыр. Құжат қабылданса, өңірдегі 319 географиялық атау өзгеруі мүмкін деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жоба жергілікті парламент – Ұлттық құрылтайдың қарауына ұсынылады. Құжатта атаулар «ұлттық тіл мен тарихи дәстүрге» сай жаңартылатыны көрсетілген.
Urug басылымының мәліметінше, өзгерістер кезең-кезеңімен жүргізіледі, карталар мен ресми дерекқорлар жаңартылады. Жұмысқа жергілікті билік өкілдері, зерттеушілер мен тіл мамандары тартылған.
Қарар қабылданса, Баян-Өлгей аймағының географиялық номенклатурасы толық қайта қаралады. Айта кетейік, бұл өңірде шамамен 111 мың адам тұрады, халықтың 90%-ға жуығы – қазақтар.