Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев елдегі мектеп директорларының қызмет ету мерзімі шектелетінін мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОКҚ алаңында журналист сұрағына жауап берген комитет төрағасының айтуынша, бұдан былай мектеп басшылары бір оқу орнында 10 жылдан артық директор болып отыра алмайды.
«Бізде ротация тәртібі арнайы ережемен бекітілген. Соған сәйкес ротация бір елді мекеннің шегінде ғана жүзеге асырылады. Қазір 10 жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметте отырған мектеп директорлары бар. Алдағы уақытта ротациялау ережесіне өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соған сәйкес, болашақта мектеп басшылары 5 жылдан екі рет, яғни толыққанды 10 жыл бір мектепте директор бола алады. Содан кейін ол ары қарай мектеп басқаруға жатпайды», – деді Қаныбек Жұмашев.