Қазақстандық депутаттар мен ЛГБТ белсенділері арасындағы текетірес жаңа күш алғанға ұқсайды. ЛГБТ белсендісі Виталий Шевченко Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинді сотқа бермек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шевченко депутат оның ар-ұжданына тиіп, іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп есептейді. Осыған байланысты ол Жаңбыршиннен кешірім сұрауды талап етіп отыр.
Істі судья Айгүл Аяпбергенова қарайды. Алғашқы сот отырысы 2026 жылғы 14 қаңтарда сағат 15:00-де өтеді. Бұған дейін сот қос тарапты татуластыруға тырысқанмен, Шевченконың айтуынша, татуласу рәсіміне депутат та, оның адвокаты да келмеген. Жаңбыршин бұл уақытта жұмыс бабымен басқа қалада болған. Тараптар тамызда әлеуметтік желіде сөз тартысып қалған болатын.
“Мен оны балағаттаған да, арандатқан да жоқпын. Тек гомофобия салдарынан 6–11 сыныптарда буллингке ұшыраған жеке өмірімді баяндап бердім. Ал ол маған “не кукарекать” деп жауап берді”, деп түсіндірді Шевченко сотқа жүгіну себебін.
Белсендінің пікірінше, бұл сөз ЛГБТ өкіліне қатысты айтылған жағдайда ауыр, гомофобиялық сипаттағы қорлау болып саналады және адамның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді.
“Бұл – тек менің жеке мәселем емес. Шенді адамның осылай шектен шығуына жол беруге болмайды”, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөніндегі норманың авторы. Парламенттің қос палатасында мақұлданған құжат қазір Президенттің қол қоюын күтіп жатыр.