homepage
Фото: iStock

Түркияда теракт ұйымдастырмақ болған 115 адам ұсталды

26.12.2025, 10:40

Жаңа жыл қарсаңында теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікпен Ыстанбұл қаласында 115 адам ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Euronews мәліметінше, тергеу аясында 137 адамға қатысты қамауға алу туралы ордер беріліп, қала бойынша 124 мекенжайда тінту жүргізілген. Нәтижесінде күдіктілерден тапаншалар, оқ-дәрілер және түрлі құжаттар тәркіленді.

Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер Сириядағы қақтығыс аймақтарында орналасқан ИГИЛ лаңкестік ұйымының мүшелері мен олардың отбасыларына қаржылай көмек көрсету арналары арқылы анықталған.

Түркияның Бас прокуратурасы таратқан ақпаратта күдіктілердің алдағы Рождество мен Жаңа жыл мерекелері қарсаңында мұсылман емес азаматтарға қарсы әрекеттерге үгіттегені айтылған. Ұсталғандардың бір бөлігі бұрын қақтығыс аймақтарында болған, ал кейбіріне терроризм баптары бойынша ұлттық және халықаралық деңгейде қамауға алу туралы ордер жарияланған.

Қашып жүрген өзге күдіктілерді ұстау жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды.