АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилер Нигерияның солтүстік-батысында ИГИЛ содырларына соққы жасағанын айтты. Бұл туралы ол 26 желтоқсан күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Бүгін кешке бас қолбасшы ретіндегі менің бұйрығыммен АҚШ Нигерияның солтүстік-батысында ИГИЛ террористеріне қарсы қуатты әрі жойқын соққы жасады. Олар негізінен жазықсыз христиандарды өлтірді, мұндай жауыздық соңғы ондаған жылда, тіпті ғасырларда болмаған», – деп жазды Трамп.
Ол бұған дейін де ескерту жасағанын атап өтті.
«Мен бұл террористерге христиандарды қыруды тоқтатпаса, соңы жаман болатынын ескерттім. Бүгін сол күн келді. Біздің ел радикалды исламдық терроризмнің тамыр жаюына жол бермейді», деді АҚШ президенті.
Нигерия билігі әуе соққыларының болғанын растады және олардың «терроризм қатеріне қарсы» бағытталғанын мәлімдеді. Ал АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет мұндай операциялардың алдағы уақытта да тоқтамайтынын аңғартты.
«Президент өткен айда Нигерияда және басқа да өңірлерде жазықсыз христиандарды өлтіру тоқтауы тиіс дген болатын. Олай болмаған жағдайда Қорғаныс министрлігі әрдайым дайын. Бұл әсоңы емес», – деп жазды Хегсет X әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін, қараша айында Дональд Трамп Нигерияға әскер жіберу немесе әуе шабуылдарын күшейту мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Оның айтуынша, ел билігі террористік топтарға қарсы тұруда әлсіздік танытып отыр.
Ал қазан айында АҚШ сенаторы Тед Круз Нигерия үкіметін христиандарға қарсы шабуылдарға көз жұма қарады деп айыптаған. Оның мәлімдеуінше, 2009 жылдан бері елде исламистік топтар шамамен 50 мың христиан дінін ұстанатын адамды өлтірген.
Нигерия президентінің кеңсесі бұл деректермен келіспейді. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы терроризм салдарынан қаза тапқандар саны 1800-ден аз болған, бұл 2015 жылмен салыстырғанда бес есе төмен.