Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тексеру нәтижесінде бірқатар стоматологиялық клиниканың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Сенат кулуарында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан бойынша шамамен 260 стоматологиялық клиниканы тексерді. Тексеру нәтижесінде стоматологиялық көмекті ұйымдастыру және көрсету стандарттарының бұзылғаны анықталды», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылып, жалпы сомасы 54 млн теңге айыппұл салынды. Ең қатаң шешім Жамбыл облысында қабылданып, сот арқылы 10 стоматологиялық клиниканың жұмысы тоқтатылды.
«Сонымен қатар Алматыда, Алматы облысында және өзге өңірлерде де бірқатар стоматологияның қызметі уақытша тоқтатылды. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр», – деді вице-министр.
Тексерулер Астанадағы жеке клиникада үш жасар баланың қазасынан кейін күшейтілген.