Сенат медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды қолдап, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді мақұлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа нормада жауапкершілік бірнеше деңгейге бөлінеді. Қорқыту немесе өмірге қауіпті емес күш қолдану үшін айыппұл, қоғамдық не түзету жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған.
Егер шабуыл топпен жасалса, қайталанса, бірнеше адамға қарсы бағытталса немесе төтенше жағдай кезінде болса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін күшейеді.
Ал, өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейін, ал қосымша ауыр жағдайлар болса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Қазақстанда 2019 жылдан бері дәрігерлерге, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне 300-ге жуық шабуыл жасалған. Оның 70-і биыл болған. Осыны ескере келе, депутаттар АҚШ пен Ұлыбритания тәжірибесіне сүйене отырып, ақ халаттыларға қарсы күш көрсету жауапкершілігін арттырып, жаза түрін қатаңдатуды ұсынған. Сенат мақұлдады, енді заң жобасына Президент қол қоюы керек.