Астанада ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жарыссөз барысында прокурор оларды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жас баласы бар екенін ескеріп, Толқын Тотақановаға жазаны кейін өтеу мүмкіндігін беруді ұсынды.
Тергеу мәліметінше, 2020–2024 жылдары Тотақановтар Instagram желісінде ұлына ауыр диагноз қойылғанын айтып, емге қаржы жинаған. Олар эмоциялық бейнежазбалар мен жазбаларды тұрақты түрде жариялап, таратып отырған.
Осылайша ерлі-зайыпты 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жинаған. Алайда тергеу дерегі бойынша, баланың нақты еміне бар болғаны 6,4–6,5 млн теңге ғана жұмсалған.
Қалған ақша Астанадан үш пәтер мен жер телімін сатып алуға, бес автокөлік алуға, қымбат бренд киімдерге жұмсалған, сондай-ақ, ашкөз ата-ана шетелге сапарлап, букмекерлік кеңселерде бәс тіккен. 481 млн теңгеден астам қаржы әлеуметтік желідегі парақшаны жарнамалауға жұмсаған.
Сот процесі жалғасып жатыр.