homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Мұнай экспорты ең төменгі деңгейге азаймақ

25.12.2025, 11:07

Желтоқсан айында Қазақстан мұнайының экспорты соңғы 14 айдағы ең төмен деңгейге түсуі мүмкін. Бұған Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдаудағы іркіліс себеп болып отыр, деп жазады Juzmedia.kz.

Дереккөздердің айтуынша, CPC Blend маркалы мұнайды тиеу көлемі тәулігіне 1,7 млн баррель деп жоспарланған. Алайда нақты көрсеткіш 1,14 млн баррельге дейін төмендейді. Бұл 2024 жылдың қазанынан бергі ең аз көлем.

29 қарашада украиналық дрондар Каспий құбыр консорциумы терминалына соққы берген. Терминал Новороссийск маңында орналасқан. Соның салдарынан үш айлақтың екеуі істен шығып, қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Ауа райының қолайсыздығы жөндеу жұмыстарын кешеуілдеткен.

Energy Aspects компаниясының мұнай бөлімін басқаратын Кристофер Хейнстің айтуынша, резервуарлар толып қалған. Сондықтан Қазақстан мұнай өндіру көлемін уақытша қысқартуға мәжбүр.

Оның сөзінше, кейбір сатып алушылар шығынға ұшырауы мүмкін. Себебі қазір Brent маркалы мұнайды жеткізудің нақты баламасы ретінде тек Солтүстік теңіз бағыты ғана қалып отыр.