homepage
Фото: Ашық дереккөзден

«Қауіпсіз шот» деген жоқ: прокуратура тағы да ескерту жасады

25.12.2025, 10:48

Биыл 6,1 мыңнан астам қазақстандық телефон алаяқтарының арбауына түсіп қалған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі өзгергенімен, негізгі схема сол күйі, дейді Бас прокуратура.

Алдымен жәбірленушіге «1414» қысқа нөмірінен SMS-код келеді. Одан кейін қоңырау шалғандар өздерін мемлекеттік орган, банк немесе курьер қызметінің өкілі ретінде таныстырып, сол кодты айтуды сұрайды. Көп ұзамай екінші қоңырау түседі. Бұл жолы олар өзін банк қауіпсіздік қызметі, полиция немесе ҰҚК өкіліміз деп таныстырады. Алдыңғы қоңырау алаяқтардан болғанын айтып, «ақшаңыз шешіліп кетуі мүмкін» немесе «несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Сосын «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды немесе несие алып, сол шотқа салуды ұсынады. 

Бұрын алаяқтарға тек жәбірленушінің нөмірі жеткілікті болса, қазір «1414» SMS-шлюзін пайдалану тәртібі қатаңдатылған. Енді жүйеге тек FaceID, электронды цифрлық қолтаңба немесе eGov QR арқылы ғана кіруге болады. 

Бас прокуратура мынаны тағы да ескертеді:
– мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-кодты, карта деректерін немесе құпиясөзді сұрамайды;
– «қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ;
– күмәнді қоңырауларға сенбеңіз;
– күдік туса, бірден банкке немесе уәкілетті органдарға хабарласыңыз;
– тек ресми қосымшаларды қолданып, кибергигиена ережелерін сақтаңыз.