Алматыда әйел мен оның алты жасар қызын аса қатыгездікпен өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Almaty TV-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, қылмыс биыл 5 қыркүйекте болған. Айыпталушы Б. жәбірленуші әйел А.-мен шамамен алты ай таныс болған. Сол күні олардың арасында тұрмыстық жанжал туындап, ашуға булыққан ер адам шойын қазанды қару ретінде қолданып, әйелді оның анасы мен алты жасар қызының көзінше ұрған.
Әйел ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Сараптама оның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын және миға қан құйылғанын анықтады.
Осыдан кейін күдікті алты жасар қызды да соққыға жыққан. Бала бірнеше күн ес-түссіз жатып, қайтыс болды. Сонымен қатар, айыпталушы жәбірленуші әйелдің қарт анасына да шабуыл жасап, ол есінен танып, ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер бірнеше операциядан кейін оның өмірін сақтап қалды.
Баланың айқайын естіген көрші әйел пәтерге не болып жатқанын білу үшін есік қаққан. Алайда күдікті оны да қазанмен ұрып, есінен тандырған.
Тергеу кезінде қанға боялған қара қазан табылды. Сараптама оның үстіндегі барлық саусақ ізі айыпталушыға тиесілі екенін көрсетті. Бөгде адамдардың ізі анықталмаған. Сотта ер адам кінәсін мойындамапты.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де адам өлтіргені үшін сотталып, жазасын толық өтемей, мерзімінен бұрын босап шыққан.