Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтатуға арналған 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, бұл құжат соғысты аяқтаудың негізі ретінде ұсынылып отыр. Ресейдің ұстанымы 24 желтоқсанда АҚШ өкілдерімен өтетін кездесуде белгілі болуы мүмкін.
Жоспарда:
Украина бейбіт кезеңде армия санын 800 мың деңгейінде сақтауды ұсынады. Қауіпсіздік кепілдігін АҚШ, НАТО және Еуропа елдері беруі тиіс.
Экономикалық бөлімде Украинаға Еуроодаққа нақты мерзімде мүше болу, ЕО нарығына жеңілдетілген қолжетімділік және 800 млрд доллар көлемінде қалпына келтіру қорын құру қарастырылған. Ядролық қауіпсіздікке қатысты: Украина ядролық қарусыз мәртебесін сақтайды, ал Запорожье атом электр станциясын бірлесіп басқару нұсқалары ұсынылған.
Ең күрделі мәселе – территория. Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы қазіргі әскер тұрған шеп де-факто байланыс желісі ретінде қаралады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді мемлекет басшылары деңгейінде қабылдау ұсынылады.
Жоспарда теңіздегі еркін қатынас, барлық тұтқындарды тең негізде қайтару, келісімнен кейін Украинада сайлау өткізу және халықаралық бақылау тетігі де бар. Кремль бұл ұсыныстарды зерделейтінін, бірақ көп бөлігі Ресейге сай келмейтінін алдын ала мәлімдеді.