homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Зейнетақыдағы дүрбелең: халық жаңа шектеуге дейін ақша алып қалуға асық

24.12.2025, 12:05

2025 жылы қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын бұрынғыдан да белсенді түрде ала бастады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған бірден екі себеп әсер етті: 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегінің өсуі және емделуге ақша алу ережелерінің қатаюы. Осы өзгерістер халықты «соңғы мүмкіндікті» пайдаланып қалуға итермеледі.

ЕНПФ дерегінше, 2026 жылдан бастап жеткіліктілік шегі орта есеппен 10 пайызға өседі. Бұл көптеген салымшы үшін зейнетақы жинағынан алуға болатын соманың азаюын немесе мүлде қолжетімсіз болуын білдіреді. Қазір шамамен 886 мың адамның ғана жинағы белгіленген шектен жоғары.

Статистика да ажиотажды анық көрсетіп отыр. Егер 2024 жылы тұрғын үй мен емделуге жалпы 497 мыңға жуық өтініш орындалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,31 миллионға жеткен. Яғни белсенділік 2,6 есе артты. Ақша көлемі де күрт өсті: тұрғын үйге алынған қаражат бір жылда 284,5 млрд теңгеден 538,1 млрд теңгеге дейін көбейді. Ал медицинаға бағытталған төлемдер 109,5 млрд теңгеден 292 млрд теңгеге жеткен.

Ең үлкен серпін күз айларында байқалды. Қазан айында тұрғын үйге қатысты 132 мыңнан астам өтініш орындалса, желтоқсанда да жоғары қарқын сақталып отыр. Айдың алғашқы 10 күнінде ғана 51 мыңнан астам өтініш қабылданған.

Медицина саласында да ұқсас жағдай. Жазда, әсіресе стоматологиялық қызметтерге шектеу қойылуы мүмкін деген әңгіме шыққан соң, өтініш саны күрт артқан. 2025 жылы медицинаға алынған қаржының 90 пайыздан астамы тіс емдеуге жұмсалған. Сондықтан билік дәл осы бағытты шектеуге шешім қабылдаған.

Қаражаттың басым бөлігі ипотекаға жұмсалуда. 2025 жылы алынған зейнетақы ақшасының шамамен 56 пайызы ипотекалық қарызды жабуға, 39 пайызы Отбасы банкінің жинақ салымдарын толықтыруға кеткен. Ал тікелей үй сатып алу немесе салуға небәрі 4 пайыздай ғана бағытталған.

Қысқасы, 2025 жылдың желтоқсаны зейнетақы жинағын алуға асыққан қазақстандықтар үшін ең қарбалас кезеңдердің біріне айналды. Жаңа шектеулер күшіне енбей тұрып, халық қолындағы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр.