homepage

Бензин шашып, өртеп жіберген: Атырауда әйел мен екі баланы өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты

Juzmedia. kz
28.11.2024, 20:35

28 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 32 жастағы Оразбек Саясатқа қатысты үкім шығарды. Ер адамға қауіпті тәсілмен басқа адамдардың өміріне қауіп төндіре және төтенше жағдай тудыра отырып асқан қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру, сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, баспанасына қол сұғылмаушылық құқығын бұзу бойынша айыптар тағылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚЫЛМЫСКЕР ҚАНДАЙ ЖАЗАҒА КЕСІЛДІ?

Судья Зарема Хамидуллина сотталушы Оразбек Саясатты кінәлі деп тауып, жасаған қылмыстарының жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар ол қаза болғандардың туыстары мен жәбірленушіге 30 миллион теңге (қайтыс болған Сағынтаеваның анасы мен қайтыс болған балалардың әкесіне, әрқайсына 15 млн теңгеден) моральдық шығын және пәтерді өртеу кезінде келтірілген залал үшін 6 млн теңгеден астам материалдық өтемақы төлеуі тиіс. Сотталушы сот үкімімен келіспей, балағат сөздер айтып, үкіммен келісипейтінін айтты.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Іс материалдарына сәйкес, марқұм Сағынтаева 2022 жылы күйеуімен, яғни екі баласының (бір ұл, бір қыз) әкесімен  ажырасады. Кейін ол Оразбек Саясатпен кездесе бастады, бірақ қайғылы оқиғадан бір ай бұрын екеуі айырыласады.

Белгілі болғандай, әйел 2024 жылдың наурызында Саясаттың қоқан-лоққысына байланысты полицияға хабарласқан. Сол кезде де ер адам оның үстіне «бензин құйып, өртеп жіберемін» деп қорқытқан. Кейін олар татуласқанымен, қайтып кездеспеген.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨРБІГЕН?

Марқұм болған әйел қайғылы оқиға болардан бір-екі күн бұрын TikTok желісінде Баймұратовпен танысады. Әйел оған бұрынғы сүйіктісінің пышақпен келіп, өлтіремін деп қорқытқанын айтқан. Сол күні кешке Баймұратовтың өзі Сағынтаеваның үйіне келіп, Саясатпен сөйлесуді ұйғарады. Әйел оны райынан қайтармақ болғанымен, Баймұратов айтқанынан қайтпай бәрібір келіп, О. Саясатпен сөйлеседі, сөйтіп екі тарап келісімге келгендей болады.

«Бірақ Сағынтаева Саясаттың мінезін білетіндіктен, өз өмірінен қауіптеніп, Баймұратовтан балаларымен бірге қалуын өтінеді. Соттың айтуынша, олар кездеспеген. Түнгі сағат 2.00 шамасында ер адам терезе арқылы пәтерге кіріп, залда ұйықтап жатқан балаларды көреді. Ер адам пәтерден шығып, жол бойына жақын маңдағы жанармай құю бекетінен 5 литр бензин сатып алады, жол-жөнекей жарнама парақшасын да жұлып ала келген», – деп жазады «Мой город» басылымы.

Ол қолына бензин мен қағаз ұстап пәтерге оралады да, бензин шашып, от қояды. Көршілер балалардың айқайы мен жылаған дауысын естіген, алайда бес минуттан тыншып қалған. Денесінің 90 пайызын күйік шалған Сағынтаева кімнің өрт қойғанынн дәрігерлер мен полицияға айтып үлгереді. Ал Баймұратов терезеден секіріп, жарақат алады.

СОТ ӨКІЛДЕРІН БАЛАҒАТТАҒАН ҚЫЛМЫСКЕР КЕШІРІМ СҰРАМАДЫ

Сот барысында Саясат қатты ашуға берілгенін, пәтерге қалай кіргенін, тек кіреберісте бір шөлмек бензин қалдырғанын ғана есіне түсіргенін айтты. Бірақ оның бұл сөздері расталмады.

Айта кетерлігі, сотталушы өз кінәсін мойындамады, тіпті жәбірленушілердің туыстарынан кешірім сұрамағаны былай тұрсын, куәгерлерді, сарапшыларды, сот өкілдерін балағаттап, қарғап-сілеп, тіл тигізді.

ОҚИҒА ҚАШАН БОЛЫП ЕДІ?

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 25 сәуіріне қараған түні Атырау облысы Индер ауданындағы бес қабатты үйде болған. Екінші қабаттағы пәтерде өрт шыққанда өрт сөндірушілер жатын бөлмеден 10 және 7 жастағы екі баланың денесін тапқан болатын. Балалардың анасы мен 1994 жылы туған ер адам жансақтау бөліміне ес-түссіз халде жеткізілген.

Келесі күні әйел жансақтау бөлімінде жатып көз жұмды. Жантүршігерлік қылмысқа күдікті сол күні Орал қаласына бара жатқан жолда ұсталды (ол Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының тұрғыны болып шықты).

Бейнебақылау камераларынан 31 жастағы ер адамның жақын маңдағы жанар-жағармай құю бекетінен бір контейнер бензин сатып алғаны анықталды. Ол жәбірленуші әйелдің танысы болып шықты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.