homepage
Фото: gov.kz

Кәсіпкерлерге көрсетілген мемлекеттік қолдау төмендетіліп көрсетілген

24.12.2025, 11:35

Қазақстанда кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау көлемі ресми деректерде кемінде екі есе төмен көрсетілген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, бизнеске қолдау көрсету саясатын қалыптастыруға жауапты Ұлттық экономика министрлігі бұл бағыттағы нақты деректерді төмендетіп берген. Аудит нәтижесіне сәйкес, 2019–2024 жылдар аралығында мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.

«Мемлекет басшысы 2024 жылғы қыркүйекте барлық мемлекеттік қолдау шарасына түгендеу жүргізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірледі. Жұмыс алға жылжыған сияқты болды. Бірақ аудит бұл жұмыстардың шала жүргізілгенін көрсетті. Тізілім сапасы жеткіліксіз. Ол Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолдау шараларының барлығын толығымен қамтымайды. Тізілімде өзектілігін жоғалтқан шаралар кездеседі», – деді Смайылов Мәжіліс отырысында.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі қалай бағаланып жатқанын да сынға алды. Оның айтуынша, қазір қолданылып жүрген тәсіл тым үстірт. Негізінен тек санға қарап бағаланады: қанша жұмыс орны ашылды, қанша салық төленді деген сияқты көрсеткіштер ғана ескеріледі. Ал бизнестің шынымен өскен-өспегені, өндіріс көлемі артты ма, қосылған құн пайда болды ма, кәсіпорындардың қаржылық жағдайы нығайды ма деген маңызды сұрақтар назардан тыс қалып отыр.

Сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен операторлар мәлімет енгізуі тиіс «Бақылауда» атты ақпараттық жүйенің заңмен нақты бекітілмегені айтылды. Соған қарамастан, бұл жүйеге қандай дерек қалай енгізіліп жатқанын қадағалайтын, оның дұрыстығы мен сапасына жауап беретін нақты орган жоқ.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық қаржы орталығының қызметін тексеріп, аудит қорытындысын жариялаған. Тексеру нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласында жүйелі кемшіліктер бар екені анықталған. Атап айтқанда, 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық тіркеліп, тағы 13,5 млрд теңге бюджет қаражаты орынсыз жоспарланып, тиімсіз жұмсалғаны белгілі болды.