«ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов 2025 жылғы 23 желтоқсанда Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы полиция департаменті жеткізді.
«Тергеу барысында тергеу әрекеттері қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сай кезең-кезеңімен жүргізілді. Жиналған материалдардың жиынтығын, тергеу сатысын және заңда көзделген негіздерді ескере отырып, биылғы 23 желтоқсанда «ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы ұсталып, Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция тергеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Әмір Қасенов Freedom Holding Corp. компаниясының қызметіне қатысты жарияланымдар топтамасының жарық көруін үйлестірген. 2024–2025 жылдары агенттік жүзден астам материал жариялап, онда компанияның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер, холдинг басшылығына «қаржы пирамидасын құрды» және қаражатты офшорлық аймақтарға шығарды деген айыптаулар, сондай-ақ брокерлік компания клиенттерінің ақшасы жоғалды деген тұжырымдар келтірілген.