homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Адам ағзаларын саудалаған күдікті шетелде ұсталды

24.12.2025, 10:01

Адам ағзаларын заңсыз сатты деген күдікке ілінген шетел азаматы Польшадан Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Польшадан Украина азаматын экстрадициялады. Ол адам ағзаларын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың мүшесі болған деген күдікке ілінген.

Тергеу дерегінше, күдікті 2017–2018 жылдары трансұлттық қылмыстық топ құрамында болып, тірі адамдардың органдарын сатып алу және сату ісіне қатысқан. Жалпы бұл топ Қазақстанда және басқа елдерде 56 заңсыз мәміле жасаған. Ағзаларды алу мен трансплантациялау Қазақстандағы медициналық ұйымдар арқылы ұйымдастырылған.

Қылмыс әшкереленген соң күдікті бой тасалап, бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген. Биыл наурыз айында ол Польша шекарасынан өтпек болған кезде ұсталды. Қазақстанның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін осы қылмыстық топтың тағы екі мүшесі Түркия мен Ресейден Қазақстанға жеткізілді.