homepage
Фото: Akorda

Трамп Тоқаевқа телефон шалып, G20 саммитіне шақырдв

24.12.2025, 09:00

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қасым-Жомарт Тоқаев телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. 

"Бүгін таңертең Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияевпен тамаша екі телефон әңгімесі болды. Біз қазіргі шиеленістерді бейбіт жолмен шешудің, елдер арасындағы сауда мен ынтымақтастықты арттырудың маңызы туралы пікір алмастық. Бұл екі елмен қарым-қатынасымыз өте керемет” деп жазды АҚШ президенті. 

Келесі жылы АҚШ G20 саммитін өткізбек, Трамп Қазақстан мен Өзбекстан президенттерін осы саммитке шақырды.

"Осы маңызды іс-шараға қатысу үшін аталған екі көшбасшыны да қонақ ретінде шақырамыз. Саммит Майами қаласында өтеді” деп жазды Трамп.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екеуара әңгіме мазмұнды өткен. "Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібі мен халықаралық ахуал, соның ішінде Украина проблематикасы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтты" делінген Ақорда таратқан хабарламада  

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Украинадағы шиеленісті реттеу күрделі екенін, себебі онда «территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналғанын» айтқан.

«Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды. Еліміз барлық тарапты төзімділік, икемділік және кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Бұл ретте Қазақстан араағайын емес, бірақ қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын» делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Украинада бейбітшілік орнатуға ұмтылысына жоғары баға берген және Ақ үй басшысын «өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға келуге» шақырған.

АҚШ-тың билік басындағы президенттері Орталық Азияға ешқашан ат ізін салмаған.