homepage
фото: ашық дереккөзден

Өрттен кейінгі өзгерістерді әкім айтып берді

23.12.2025, 16:17

Қостанайда орманшылардың жалақысы екі есеге өсті. Қазір орманшы 340, ал аға орманшы 450 мың теңге жалақы алады. Бұл жайында Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп хабарлайды Juzmedia.

2022 жылы Қостанай облысында болған ауқымды өрттен кейін 39 мың гектар орман жойылды. Зардап шеккен аумақтарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, орманның 38%-ы тазартылып, өртенген ағаш аукцион арқылы сатылып жатыр.

«Бүгінгі күні шамамен 38% аумақ тазартылды. Бұл ағашты сатып алғысы келетін кез келген адам аукцион арқылы иемдене алады. Ол ағаш кейіннен ағаш өңдеу кәсіпорындарына жіберіліп, экономикаға қайта қосылады», деді Ақсақалов. 

Әкімнің айтуынша, тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұл жерлерде қайта көгалдандыру жүргізілуде.

Осы өрттен кейін 170-тен астам өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру машиналары, тракторлар және автоцистерналар сатып алынған. Қызметкерлер саны мен жалақысы да өскен.

“Орман шаруашылығында қазір 1,2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Жалақы екі есе көбейді: орманшы 340 мың теңге, аға орманшы 450 мың теңге алады», деді әкім.