homepage
фото: ашық дереккөзден

Баку мен Мәскеу арасы алшақтап бара ма?

23.12.2025, 09:00

Жаңа жыл қарсаңында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Петерборда жиналады. Биыл да бұл дәстүр бұзылған жоқ. Тек, бұл жолғы жиында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев төбе көрсеткен жоқ, деп хабарлайды Juzmedia. Бұл Баку мен Мәскеу арасының алшақтап бара жатқанын білдіре ме? 

Ресми мәліметке сәйкес, Әлиевтің бұл саммитке қатыса алмайтынын Әзербайжан тарапы алдын ала хабарлаған, “президенттің жұмыс кестесі тым тығыз” деді ресми Баку. Кейін Ресей тарапы бұл шешімге түсіністікпен қарағандай кейіп танытты. 

«Барлық мемлекет басшыларының жұмыс кестесі өте тығыз. Әсіресе желтоқсан айында, Жаңа жыл қарсаңында бұл қалыпты жағдай», деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков “РИА новости” агенттігіне. 

Алайда, сарапшылар Әлиевтің бұл шешімнің саяси астары барын айтады. Саясаттанушы Аркадий Дубнов өзінің телеграм арнасында былай деп жазады: 

«Әлиевтің әрекеті Путин үшін күтпеген соққы болды. Ресей тарапы саммит қарсаңында Әлиевтің келеріне сенімді еді. Дмитрий Песков тіпті Әлиев пен Путин арасында жеке кездесу жоспарланғанын айтып, армян премьері Пашинянмен де келіссөздердің болу ықтималдығын атап өткен. Бірақ соңғы сағатта Әзербайжан лидері Ресей басшысын ыңғайсыз жағдайда қалдырды». 

Сарапшының сөзінше, Баку мен Мәскеу арасы 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында «Әзербайжан әуе жолдары»компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін салқын тарта түскен. Ресей әуе қорғанысы жүйесі украиндық дрондарға қарсы жұмыс істеп жатқанда, лайнер де оққа ұшқан. 39 адам қаза тапты, арасында қазақстан азаматтары да бар. 2024 жылдың 9 қазанында Душанбе қаласында өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Әлиевпен жүздесіп, аталған оқиға үшін Ресейдің жауапкершілігін мойындап, ресми түрде кешірім сұраған болатын. Сондай-ақ кінәлілердің жазаланатынын мәлімдеген. Сондай-ақ, осы жазда Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының оншақты азаматы ұсталып, ағайынды екі жігіт қайтыс болған. Ол кезде де Әлиев ресейлік тарапты ашық айыптаған.