Бейімбет Майлиннің «Қайдан келесің? Соттан келемін. Соттан емес ау, оттан келемін» дегені есіңізде болар. Сол қазақ әділдік іздеп әлі сотта жүр. Биыл да біздің қоғамның наразылығын тудырған, сот табалдырығын тоздырған істер аз болған жоқ. Juzmedia жылдың ең атышулы сот отырыстарын жинап шықты.
Шерзат Полат ісі
Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл іс бойынша сот осы көктемде басталды. 5 маусымда соттың үкімі шықты. 9 айыпталушы сотталды, ең жоғары жаза – 23 жыл. Сот «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық» баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасылды 23 жыл түрмеге кесті. Өзгелері 20-дан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат ісі
2025 жылдың 25 шілдесінде Перизат Қайратқа қатысты сот үкімі шықты. Ол он жылға, ал анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz» қайырымдылық қорына аударылған қаржыны қысылмай-қымтырылмай жұмсап, үлде мен бүлдеге оранған өмірі қазақстандықтардың наразылығын тудырған. Санай келе Перизат пен оның анасы қайырымды қазақстандықтардың 3,5 миллиард теңгеден астам қаржысын жымқырғаны анықталды.
Яна Легкодимова ісі
23 жастағы атыраулық Яна Легкодимованың жантүршігерлік өлімі қоғамда қызу талқыланған істердің бірі болды. 2024 жылдың қазанында жоғалған Янаның денесі 8 айдан соң Жайықтың жағасынан табылған. Атышулы істің нүктесі қарашада айында қойылды. Яна Легкодимованы аса айуандықпен өлтірген Ризуан Хаиржанов пен Алтынбек Катимовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Берденов ісі
21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдік ғимаратының алдында оқ атылды. Бұл оқиға қоғамның назарын аударып, әлеуметтік желілерде тынымсыз талқыланған тақырыпқа айналды. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз. Сотталушы Ернар Жиембайдың сөзінше, Берденов ар-намысына тиетін сөздер айтқан, себептердің тағы бірі – қызғаныш. Үкім 20 тамызда оқылды. Шенеунікке оқ атқан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайды 9 жылға түрмеге қамады.
Айзат Жұманова ісі
Осы қарашада тағы бір отбасы қара жамылды. Талдықорғандық Айзат Жұманова қаза тапты. Оны күйеуі Айбар Жанболат ішіп алып, ұрып өлтірген. Бұл іс бойынша сот әлі жүріп жатыр. Оқиға қатыгездігі бойынша Салтанат&Бишімбаев ісінен кем түспейді. Бірер күн бұрын сот отырысы барысында аурухана бейнекамерасына түсірілген жазба көрсетілді. Бейнежазбадан Айзат Жұманованың медициналық мекемеге өте ауыр халде жеткізілгені анық көрінеді. Сот үкімі әлі шыққан жоқ.