homepage
Фото: ашық дереккөзден

Сауд Арабиясы өлім жазасы бойынша рекорд орнатты

22.12.2025, 22:34

Сауд Арабиясы биыл кем дегенде 347 адамды өлім жазасына кесті, бұл былтырғы үкімнен көп, деп жазады Би-би-си. Үкімге кесілгендердің дені есірткіге қатысы бар деп айыпталған шетелдік азаматтар. Ел билігі өз азаматтарын да аяп жатқан жоқ. 

Сауд билігі 2022 жылдың соңында өлім жазасына қатысты мораторийді алып тастаған. Содан бері ауыр үкімдер саны күрт өсті. 

Британдық «Reprieve» құқық қорғау ұйымы соңғы екі жылды «қантөгістер  жылы» деп атады. Өлім жазасына кесілгендердің жартысынан көбі - шетел азаматтары. Ұйымның Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы өлім жазасы мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Джид Басюни былай дейді: 

«Ел билігі үшін кімнің өлім жазасына кесілетіні маңызды емес сияқты. Ең бастысы - қоғамға белгілі бір мәселеге нөлдік төзімділік бар деген сигнал беру. Және ол наразылық па, сөз бостандығы ма немесе есірткі ма маңызды емес». 

Ел билігі өткен аптада мысырлық балықшы Иссам әл-Шазлиді өлім жазасына кесті. Оған есірткі сатты, таратты деген айып тағылды. Есірткіге қатысы бар деген Пәкістанның екі азаматына да ең ауыр жаза тағайындалды. «Reprieve» мәліметінше, өлім жазасына кесілгендердің отбасыларына алдын ала хабарланбайды, мәйіттер қайтарылмайды және олардың қайда жерленгені айтылмайды. 

Биыл өлім жазасына кесілген сауд азаматтарының арасында Абдулла әл-Дерази мен Джалал әл-Лаббад та бар. Олар қамауға алынған кезде кәмелетке толмаған. 2011–2012 жылдары олар шиіттерге қатысты үкімет саясатына қарсы наразылықтарға қатысқан. Оларға  терроризмге қатысы бар деп айып тағылды. 

Өлім жазасына кесілгендер қатарында журналист те бар. 2018 жылы ұсталып, терроризм мен мемлекетке опасыздық айыптары бойынша сотталған журналист Турки әл-Жассарды ел билігі өлім жазасына кесті. Бұл шешімді БҰҰ айыптағанмен, Сауд билігі селт етпеді. 

Сауд Арабиясының билеушісі Мұхаммед бин Салман 2017 жылы тақ мұрагері атанғаннан кейін елде жылымық орнағандай көрінген. Ол экономиканы әртараптандыру және мұнайға тәуелділікті азайту мақсатында елді сыртқы әлемге ашып, діни полицияны көшелерден алып тастады және әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат берді. Алайда, кез келген сын-пікірді қатаң түрде басып отыр.