Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі алдағы 1-2 айда іске қосылады. Бұл жайында бүгін Астананың әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Juzmedia.
ЛРТ 30 қыркүйектен бері сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, яғни шамамен 2,5 ай болды. Ай соңына дейін барлық вагон жеткізіледі деп күтіліп отыр. Станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Біз бастапқыда сынақ режимі 3 айдан 6 айға дейін созылатынын айтқанбыз. Алдағы бір-екі айдың ішінде бұл жұмыстар толық аяқталып, ЛРТ-ны іске қосуды жоспарлаудамыз, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
LRT-ның іске қосылуы Қалдаяқов, Сығанақ, Қабанбай батыр даңғылдары бойында Есіл және Нұра аудандарындағы көлік жүктемесін біршама азайтпақ. Таңертең, кешқұрым кезінде қоғамдық көлік жылдамдығын 30%-ға арттырып, автобустардың қозғалыс аралығын 8 минутқа дейін қысқартады деген де болжам бар.