homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Бюджетті игере алмаған бес министрлік

22.12.2025, 15:04

Қаржы министрлігінің есебіне сай, биыл бес министрлік республикалық бюджеттен бөлінген ірі көлемдегі қаражатты толық пайдалана алмаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жалпы алғанда, атқарушы органдар 480,5 млрд теңгені жоспарланған мерзімде игермеген.

Бюджет қаржысын игере алмаған министрліктердің көш басында – Қорғаныс министрлігінде тұр. Ведомствоға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінгенімен, 88 пайыз ғана орындалған. Соның нәтижесінде 105 млрд теңге пайдаланылмай қалыпты. Бұған қорғаныс тапсырысына қатысты шешімдердің кеш қабылдануы мен бюрократиялық кедергілер әсер еткенге ұқсайды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі де бөлінген қаржының бір бөлігін игермеген. 736 млрд теңгенің тек 74 пайызы жұмсалып, 87 млрд теңге пайдаға аспаған. Мұнда да негізгі себеп – құжаттардың кеш тапсырылуы. 

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарастырылған 775 млрд теңгенің 49 млрд теңгесі пайдаланылмаған. Қаржының игерілмеуіне нақты қажеттіліктің болмауы және құжаттардың уақытында рәсімделмеуі себеп.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне бөлінген 236 млрд теңгенің шамамен бестен бірі игерілмей қалды. 38 млрд теңге шарттарды рәсімдеудің созылып кетуіне және атқарылған жұмыстар актілерінің кеш берілуіне байланысты жұмсалмаған.

Ішкі істер министрлігі бөлінген 664,9 млрд теңгенің 92 пайызын игерді. Қалған 37,6 млрд теңге конкурстық рәсімдердің ұзақтығы мен төлемдерді нақтылау процесінің созылуына байланысты игерілмеген.