Ақтауда техникалық талаптарға сай келмейтін дизель отынының сатылғаны анықталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді.
Инспекторлар тексеру мақсатында өздері сатып алып, ДТ-Л-К4 маркалы дизель отыны қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін анықтаған. Министрлік таратқан хабарламада зертханалық сынақтың нақты қорытындысы келтіріледі:
«Зертхана сынақтары нәтижелері бойынша ДТ-Л-К4 маркалы дизель отыны техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, тексерілген өнімдегі күкірттің массалық үлесі 115 мг/кг-ды құрады, ал рұқсат етілген норма 50 мг/кг-дан аспауы тиіс, бұл белгіленген көрсеткіштен 65 мг/кг-ға артық екенін көрсетеді».
Анықталған заңбұзушылыққа байланысты уәкілетті орган сотқа жүгінген. Істі қараған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты толық қанағаттандырды.