Шымкентте TikTok пен YouTube арқылы жүргізілген «Тринька» атты заңсыз құмар ойынның ұйымдастырушылары ұсталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті хабарлады деп жазады Juzmedia.kz
Тергеу дерегінше, күдіктілер екі жыл бойы TikTok пен YouTube платформаларында тікелей эфир арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастырып келген. Эфирлер TikTok пен YouTube желілеріндегі TauBrat парақшасы арқылы жүргізілген. Қылмыстық табысты заңдастыру үшін олар «дроптардың» атына банк карталарын рәсімдеп, сол арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырвп отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз ойыннан түскен табыс 93 млн теңгеден асқан. Бұл қаражатқа күдіктілер Hyundai Sonata автокөлігін және жер телімі бар тұрғын үй сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Анықтама ретінде айта кетейік, «Тринька» – TikTok пен YouTube-тағы заңсыз онлайн эфирлерде қолданылатын карточкалық құмар ойын. Мұндай трансляцияларда қатысушылар нақты ақшаға бәстесіп, ал ұйымдастырушылар комиссия ретінде үлес алып отырады.