homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Тауарларды таңбалау шағын дүкендерге қауіп төндіре ме?

22.12.2025, 11:11

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда барлық тауар Ұлттық тауарлар каталогына тіркелуі тиіс. Яғни дүкен сөресіндегі әр өнімге цифрлық «паспорт» енгізіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Билік бұл талап сауданы реттеу үшін қажет дейді, алайда шағын және орта бизнес үшін ол үлкен қатерге айналуы мүмкін.

Мәселенің басты түйіні – құқықтық нақтылықтың жоқтығы. Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Қарин тауарларды тіркеу міндеті заңда бар болғанымен, оны кезең-кезеңімен енгізу, айыппұл салмау немесе жеңілдік беру тәртібі нақты нормативтік құжаттарда көрсетілмегенін айтады. Бизнеске ұсынылған үшжақты меморандум да кәсіпкерлерді қорғай алмайды, өйткені оның заңды күші жоқ.

«Ертең салық органдары тексеріспен келсе, бізді ешқандай меморандум құтқармайды. Сауда қызметін реттеу туралы заңның 31-бабында тауар кодтары міндетті деп анық жазылған. Сондықтан бизнеске уәде емес, нақты бұйрықтар мен қаулылар керек. Сол құжаттарда мерзімдер де, шағын және орта бизнеске айыппұл салынбайтыны да ашық көрсетілуі тиіс», – дейді Сәкен Қарин.

Кәсіпкерлер қауымы ресми шешімдер қабылданбаса, жаңа талап ең алдымен үй маңындағы және ауылдағы шағын дүкендерге ауыр соққы болатынын айтып отыр.