Қарағанды облысындағы медициналық мекемелерді жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қарастырылған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Негізгі қаржы Қарағандыда салынып жатқан жаңа онкологиялық орталыққа бағытталып отыр. Орталықтың операциялық-реанимациялық блогын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға 6,2 млрд теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен қосымша 1,74 млрд теңге көлемінде бірлесіп қаржыландыру көзделген. Қазір нысанның дайындық деңгейі 70 пайызға жетіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үкіметтің мәліметінше, Балқаш қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құрылады. Жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, жалпы құны 1,27 млрд теңге. Қазіргі таңда нысан 96 пайызға дайын, оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар Балқашта балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Бұрынғы санаторий ғимаратын қайта бейімдеуге 272,1 млн теңге бөлінген.