Мәскеу Украина бойынша ұсынылған бастамалардың басым бөлігін қараудан бас тартып, кері қайтарды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Майамиде өткен Украина, Еуроодақ және АҚШ өкілдері арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдіріп, онда айтылған ұсыныстардың көбі Ресей үшін «мүлде қабылданбайтынын» айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ушаковтың сөзінше, бұл кездесуде айтылған идеялар Кремльдің ұстанымымен мүлде қабыспайды. Дегенмен Мәскеудің ресми позициясы бірден жарияланбайды. Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев 22 желтоқсанда елге оралып, келіссөздердің нәтижесін Владимир Путинге баяндағаннан кейін ғана нақты тұжырым шығады.
Deutsche Welle жазғандай, бұл мәлімдеме Мәскеудің Батыс пен Киев ұсынған бейбіт реттеу нұсқаларына қатаң көзқарасын тағы бір мәрте аңғартып отыр. Кремль келіссөздерге ашық екенін айтқанымен, өз шарттарынан бас тартуға дайын емес деп жазады басылым.