Біріккен Араб Әмірліктерінде толассыз жауған жаңбыр салдарынан бірқатар қала мен өңірді су басып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық метеорология орталығы қатты нөсер мен екпінді жел бірнеше аймақта бір мезгілде тіркелген. Khaleej Times дерегінше, жауын-шашын ең көп түскен өңірлердің қатарында Рас-эль-Хейма мен Порт Сакр бар. Таулы аймақтарда да жауын мөлшері жоғары болған.
Gulf News Шарджа қаласының индустриялық аймағында екі адамның электр тоғынан қаза тапқанын хабарлады. Қазір бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Елдің ең ірі қалаларының бірі Дубайда да көшелер мен инфрақұрылым нысандары су астында қалған. Қауіпсіздік мақсатында қала билігі саябақтар мен қоғамдық жағажайларды уақытша жапты.
Синоптиктер аймақтағы циклонның әсері көрші елдерге де тигенін айтады. Соның салдарынан Сауд Арабиясының кей өңірлерінде қар жауған.