homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Елена Рыбакина әлемдегі ең табысты спортшы әйелдердің ондығына кірді

20.12.2025, 12:18

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдегі ең жоғары табысқа ие спортшы әйелдердің алғашқы ондығынан көрінді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Forbes жариялаған рейтингке сәйкес, әйелдер арасындағы ең жоғары жылдық табыс америкалық теннисші Кори Гауффқа тиесілі. Ол бір жылда 33 млн доллар тапқан, оның 8 миллионы жарыстардағы жүлдеақы болса, 25 миллионы жарнама мен демеушілік келісімдерден түскен.

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина бұл тізімде жапониялық теннисші Наоми Осакамен бірге 8–9-орынды бөлісті. Екеуінің де жылдық табысы 12,5 млн доллар. Рыбакина бұл соманың 8,5 млн долларын турнирлердегі жүлдеақы ретінде тапса, қалған 4 млн доллар жарнама және өзге де қосымша табыстардан түскен.

Forbes рейтингіне енген алғашқы он спортшы әйелдің сегізі теннисші, екеуі гольф спортынан. Ал үздік үштікте Кори Гауффтан бөлек, беларусьтік Арина Соболенко мен польшалық Ига Швёнтек бар.

Елена Рыбакина биылғы маусымда теннис тарихындағы ең ірі жүлдеақының бірін иеленген болатын.