Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» бизнес-форумына қатысып, іс-шара қорытындысында Қазақстан мен жапондық компаниялар арасында ауқымды экономикалық уағдаластықтар жасалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Форум жұмысына Қазақстан Президентімен бірге Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаити, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымухамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Бизнес-форум аясында жасыл даму мен тұрақтылық, цифрлық жаңғыру және өзара байланыс, қаржы, адами капитал және әлеуметтік жүйелерді дамыту тақырыптарында салалық сессиялар өтті. Сонымен қатар Орталық Азия елдері мен Жапонияның іскер топтары арасында тікелей келіссөздер ұйымдастырылды.
Ресми сапар мен форум қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы мен жапондық бизнес құрылымдар арасында жалпы құны бірнеше миллиард долларды құрайтын алпысқа жуық құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және жоғары технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.