homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Үш қалада тұрмыстық қалдықтарды жағатын зауыттар салынады

19.12.2025, 16:44

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі артып келеді, ал Астана, Алматы және Шымкентте қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды жоятын зауыттар салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің мәліметінше, елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады. 2024 жылы оның 25,8% қайта өңделсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6%-ға жеткен. 

Сонымен қатар заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл спутниктік мониторинг арқылы 3 827 рұқсатсыз қоқыс орны анықталып, соның 91%-ы жойылған. 2018 жылмен салыстырғанда мұндай үйінділердің саны 45% азайған.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, инвестициялық келісімдер аясында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды утилизациялайтын үш зауыт салу көзделіп отыр. Жобалардың жалпы құны 293 млрд теңге, ал құрылыс мерзімі 2–3 жыл деп жоспарланған. Министр бұл қадам полигондарға түсетін жүктемені біршама азайтады.