Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттердің қысқаруы салық және кедендік түсімдердің өсуі есебінен өтелмек. Алайда бұл жоспардың орындалмау қаупі бар. Мұндай пікірді AERC аналитигі Асхат Мұхтарұлы білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS материалына сілтеме жасап.
Еске салайық, 8 желтоқсанда Президент «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды.
2026 жылға арналған бюджетте үкімет мұнайға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр. Сол себепті Ұлттық қордан алынатын ақша көлемі қысқарады. Биыл бюджетке қордан 5,25 трлн теңге бөлінсе, келесі жылы бұл сома 2,77 трлн теңге болады. Яғни, бюджетке түсетін қор ақшасы екі есеге жуық азаяды.
Жетіспейтін қаржыны үкімет салық арқылы толтырмақ. Негізгі үміт қосылған құн салығына артылып отыр. ҚҚС мөлшерлемесі өсіп, тіркелу шегі төмендегеннен кейін бюджетке түсетін ақша 6,5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін көбейеді деп жоспарланған. Сонымен қатар кеденнен де көбірек түсім болады деп күтіледі.
Алайда сарапшылар бұл жоспарлардың орындалуына күмәнмен қарайды. Себебі 2025 жылы ҚҚС бойынша жоспар толық орындалмаған. Ал ірі компаниялар төлейтін салықтың өсімі де өте аз. Бұл экономикадағы белсенділіктің баяулап жатқанын көрсетуі мүмкін.
Шығындар жағынан алғанда, үкімет қорғанысқа, қоғамдық тәртіпке, әлеуметтік төлемдерге және қарыздарды өтеуге көбірек ақша бөлмек. Ал білім саласына бөлінетін қаржы азаяды. Мұғалімдерге жалақы қосу мен студенттердің шәкіртақысын арттыруға арналған кейбір төлемдер тоқтатылады.
Егер салық пен кеденнен жоспарланған көлемде ақша жиналмаса, үкімет тағы да Ұлттық қордың қаражатына жүгінуі мүмкін. Мұндай жағдай 2024 жылы да болған.
Сонымен қатар мұнай көлемінің азаюы кедендік түсімдерге кері әсер етуі ықтимал. Бұл да 2026 жылғы бюджеттің орындалуына қауіп төндіретін факторлардың бірі.