homepage
Коллаж: Juzmedia.kz

«Гормондардың королі». Тестостерон тапшылығы жасарып барады

19.12.2025, 14:38

Қазақстанда тестостерон тапшылығы мен простата аденомасы «жасарып» бара жатыр. Бұрын егде жаста анықталатын бұл диагноз қазір 40 жастағы ер адамдарда жиі кездеседі. Бұл жайында белгілі уролог-андролог Ернұр Айнаев OY-DETOX подкасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.

Дәрігер тестостеронды «гормондардың королі» деп атап, оның рөлі жыныстық функциямен шектелмейтінін айтады. Бұл гормон ағзадағы май алмасуына, қан тамырларының жағдайына, ер адамның өзіне деген сенімділігіне және белсенді өмір салтына тікелей әсер етеді. Тестостерон төмендеген сайын ағзада май көбейіп, ол тек сыртқы келбетке емес, жүрек-қан тамырлары жүйесіне де қауіп төндіреді.

«Отыз жаста-ақ ұрығы жоқ деп анықталатын жігіттер бар, солардың көбінде тестостерон да төмен болады. Ондай науқастарға біз гормонды алмастыру терапиясын тағайындаймыз, тестостеронды укол арқылы тұрақты түрде беріп отырамыз. Егер оны уақытында алмаса, гормон деңгейі нөлге дейін түсіп кетуі мүмкін. Ең қауіптісі – адам өзінде тестостерон жоқ екенін сезбей де жүруі мүмкін», - дейді дәрігер.

Дәрігер тестостерон тапшылығын спорт арқылы толықтыру мүмкін емес екенін айтады. Оның сөзінше, мәселенің түпкі себебі көбіне гормон өндіретін негізгі органның жұмысымен байланысты.

«Егер ер адамның жыныс мүшесіндегі жұмыртқа жұмыс істемей қалса, адам тәулік бойы спортпен айналысса да, тестостерон толыққанды өндіріле алмайды. Себебі тестостеронды беретін негізгі орган – жұмыртқаның өзі. Жұмыртқа қалыпты жұмыс істеп тұрса ғана спорттың пайдасы бар. Ал ол функциясы бұзылған жағдайда, физикалық белсенділік гормон тапшылығын жоя алмайды», - дейді Ернұр Айнаев.

Тестостерон деңгейі күрт төмендеп кеткен жағдайда гормонды алмастыру терапиясы тағайындалады және ол ұзақ мерзімді, кейде өмір бойы жүргізіледі.