АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Diversity Visa Lottery (грин-карта лотереясы) бағдарламасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде министр Кристи Ноэм X платформасында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, шешім президент Дональд Трамптың тапсырмасымен қабылданған. Себеп — Браун университеті мен Массачусетс технологиялық институтында болған атысқа күдікті адамның АҚШ-қа 2017 жылы дәл осы бағдарламамен келгенінде болып тұр.
«Бұл адам елімізге ешқашан кірмеуі тиіс еді. Президенттің тапсырмасымен USCIS-ке DV бағдарламасын тоқтату жөнінде нұсқау бердім», – деді Кристи Ноэм.
Ресми дерекке сәйкес, Браун университетіндегі атыс салдарынан екі адам қаза тауып, тоғыз адам ауыр жарақат алған. Қаза болғандардың бірі – Өзбекстан азаматы. Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың жоқ екенін хабарлаған.
Gun Violence Archive мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері АҚШ-та 389 жаппай атыс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 500-ден асқан.
Айта кетейік, грин-карта лотереясы жыл сайын АҚШ-та аз ұсынылған елдердің азаматтарына 50 мыңға дейін виза ұтып алу мүмкіндігін береді. 2025 жылғы ұтыс ойынына шамамен 20 млн адам өтініш берген.
Бұған дейін АҚШ грин-карта лотереясына қатысуды ақылы етіп, анкета тапсыру құнын 1 доллар деп белгілеген болатын. Сонымен қатар туристік және басқа да бейиммиграциялық визаларға өтініш беру талаптары қатаңдатылған. Алайда АҚШ елшілігі бұл өзгерістер Қазақстан азаматтарына қатысты емес екенін нақтылады.