The Ring журналы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын рейтингтен алып тастады. Бұған дейін ол орта салмақтағы дивизион тізімінде бірінші орында тұрған еді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Басылымның мәліметінше, бұл шешім VADA жүргізген допинг-тесттің нәтижесіне байланысты қабылданған. Соның салдарынан рейтингтегі өзге боксшылар бір сатыға жоғарылап, жаңартылған тізімде бірінші орынға WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамес көтерілді. Ал үздік үштікке кубалық Йоэнлис Эрнандес пен Эрисланди Лара кірді.

Еске салайық, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда, жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының сынамасынан мельдоний анықталып, бокс кеші өтпей қалған.
Қазір спортшыға қатысты ішкі тергеу жүріп жатыр. «B» сынамасының нәтижесі 8 қаңтарда жариялануы тиіс.