Еуроодақ көшбасшылары 16 сағатқа созылған келіссөздерден кейін Украинаға 90 млрд еуро көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы келісімге келді. Бұл туралы Еуроодақ саммитінің төрағасы Антониу Кошта мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл жолы Украинаға көмек бұғатталған ресейлік активтер есебінен берілмейді. Алайда, 90 млрд еуроның нақты қайдан алынатынын нақтыламады. Reuters агенттігінің жазуынша, қаржы ЕО бюджетінің кепілдігімен тартылмақ.
Бастапқыда Украинаны қаржыландыру Ресейдің резервтері есебінен жүргізілуі тиіс болған. Алайда дипломаттардың айтуынша, бұл тетік саяси тұрғыда тым күрделі процесс.
Алғашқы жоспар бойынша, Украина ресейлік активтер есебінен қаржы алып, оны Ресей репарация төлегеннен кейін ғана қайтаруы тиіс еді. Қазіргі бағалауларға сәйкес, соғыс салдарынан келген шығын 500 млрд доллардан асады.
Алайда бұл ұсынысқа бірқатар елдер қарсы болды. Венгрия, Словакия, Чехия және Италия күмән білдірсе, негізгі қарсылық Бельгия тарапынан айтылды. Себебі Еуропада бұғатталған Кремль қаржысының басым бөлігі сақталған Euroclear депозитарийі осы елде орналасқан. Онда шамамен 193 млрд еуро сақтаулы.
Айта кетейік, биыл көктемде ЕуроОдақ Ресейдің 200 млрд еуроға жуық активін тәркілеген. Ал жазда бұғатталған ресейлік шоттардан алынған 1 млрд еуро Украинаға аударылған еді.