Түркістан облысында 17 жастағы қыздың анасы психиатриялық ауруханада емделіп жатқан қызының зорланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.
Оtyrar.kz жазуынша, жасөспірім қызға шизофрения диагнозы қойылып, ол Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген. Алайда анасының айтуынша, емдеу соңы жүктілікпен аяқталған. Яғни оңалту жұмысы басталған соң екі айдан кейін қызының аяғы ауыр екені белгілі болады.
САНИТАРЛАР ҚЫЗДАРДЫҢ ДӘРМЕНСІЗ ХАЛІН ПАЙДАЛАНҒАН
«Қызымды УЗИ-ге түсірдім. Дәрігер жүктілік 10 апта 4 күн екенін айтты. Ақпаратты растау үшін екі рет сынақ жүргіздік, екі ретінде де расталды», - дейді әйел.
Қыз анасына өзінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, екі санитардың бірнеше мәрте қорлағанын айтқан.
«Қызым өзін бейнекамерасы жоқ бөлмеде темір төсекке байлап, аминазин деген күшті дәрі салып, артынша санитарлардың зорлық көрсеткенін айтты. Ондай жағдай баспалдақта да, шатырда да болған. Ол жерге оны «шатырды тазалайсың» деп алып барған», - дейді әйел.
БЕЙНЕКАМЕРА ЖАЗБАЛАРЫ ӨШІРІЛГЕН БЕ?
Дәл осындай жағдайға сол мекеменің 21 жастағы науқасы да ұшыраған. Ол болған жайды дереу туыстарына жеткізген. Анализ де алынған, алайда қыздың анасының айтуынша, полиция арызды бірден қабылдай қоймаған және іс әлі қаралып жатыр.
«Біз сол екі санитардың үстінен шағым түсірдік. Қылмыстық іс қозғалды, бірақ іс әлі сол қалпында тұр. Барлық құзырлы органға хабарластым, бірақ еш нәтиже болмады. Олар бізге камера жазбаларын беруден бас тартты. Адвокат та жалдадық, бірақ оның көмегімен де бейнежазбаларға қол жеткізе алмадық. Олар бәрін өшіріп тастаған сияқты», - деді жәбірленушінің анасы.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Психиатриялық орталық өкілдері жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Полицейлер тергеу ісі мен сараптамалар жүргізіліп жатқанын, қорытындысын алғаннан кейін шешім шығарылатынын айтты.
«Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады», - деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің бастығы Батыр Мырзагелдиев.
ТҮСІК ЖАСАТҚАН
Аурухана қызметкерлерін айыптаған қыздар қазір үйде ем алып жатыр. Мекемеде жүкті болған кәмелетке толмаған науқас жасанды түсік жасатқан, соның салдарынан оның психикалық жағдайы одан әрі нашарлап кеткен.
Ата-аналар қыздарын психиатриялық орталыққа қайтарудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.