homepage
Фото: ашық дереккөзден

15 млн теңге: жол апатынан қаза тапқан жағдайда сақтандыру төлемі екі есе өспек

19.12.2025, 09:45

Қазақстанда жол-көлік оқиғасынан адам қаза болған жағдайда сақтандыру төлемдерін екі есе арттыру жоспарлануда. Бүгін заң жобасын мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев таныстырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Қазір адам өз өмірін сақтандырған жағдайда және ол жол-көлік апатында қаза болса, максималды сақтандыру төлемі шамамен 7 миллион теңге.

Қазір біз осы соманы екі есе арттыруды талап етеміз. Егер ересек адам қаза болса, сақтандыру компаниясынан төленетін төлем 15 миллионға жетуге тиіс. Сондай-ақ жол-көлік апаты салдарынан мүгедек болған адамдарға төлемдерді де екі есе арттырамыз, дейді депутат. 

Атап айтқанда, бірінші топтағы мүгедектерге төлем 1 600 АЕК-тен 3 200 АЕК-ке дейін өседі. Бұл шамамен 12,5 миллион теңге. Екінші топ үшін төлем 1 200-ден 2 400 АЕК-ке (9,4 миллион), үшінші топ үшін 500-ден 1 000 АЕК-ке (3,9 миллион) көбейтіледі. 

Жаңа заң жобасында қаза болған адамның туыстарына да төлем беру көзделген. Қазір егер қаза болған ересек адамның кәмелетке толмаған балалары болмаса, сақтандыру төлемі көбіне төленбейді. Енді төлемді балаларының бар-жоғына қарамастан марқұмның жұбайы немесе ата-анасы ала алады.

Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, көлік жүргізушілерін де ескеру маңызды. Көліктің түрлері көп, қымбат көліктерде бір фараның өзі 1-2 миллион теңге тұруы мүмкін. Осындай жағдайда төлемдермен сақтандыру компаниялары айналысады. Қазір максималды төлем 600 АЕК, бұл шамамен 2 350 000 теңге. Енді шекті төлем 4 718 000 теңгеге жетпек.